Кәсіпкерлікті дамытуды көздейтін жаңа заң жобасы Парламентке қыркүйекте ұсынылады

Кәсіпкерлікті дамытуды көздейтін жаңа заң жобасы Парламентке қыркүйекте ұсынылады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Марат Құсайынов мәлім етті, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен қазір «Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды түбегейлі жақсарту мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірлеп жатырмыз. Бұл заң жобасы Парламент қарауына қыркүйек айының соңына дейін ұсынылады. Ол 2015 жылдың бірінші қаңтарынан құрылыстың жобалау-сметалық құжаттамасы мен техникалық-экономикалық негіздемелерге салалық сараптамаларды алуды «бір терезе» қағидасы арқылы жүзеге асыруды қарастырады», - деді М.Құсайынов.
Сондай-ақ, мемлекеттік қабылдау комиссияларын қысқартып, олардың функцияларын тәуелсіз сарапшыларға беру көзделіп отыр.
«Мұнымен қатар, экологиялық, санитарлық-эпидемиологиялық, өнеркәсіптік қауіпсіздік, энергия үнемдеу тәрізді салалық сараптамаларды жою жоспарланған. Осылайша, құрылыс саласында рәсімдерді қысқарту бойынша іс-шаралар осы заң жобасында қарастырылады», - деді ол.