Түркістан облысында ауыл халқының біразы жеке кәсіп ашқан
Ауыл жұртының біразы жеке кәсібін дөңгелетіп отыр.
Бұған мемлекет тарапынан берілетін грант көлемінің ұлғаюы да себеп. Түркістан облысында да біреу жиһаз цехын, енді бірі шаштараз ашқан. Мал шаруашылығын дамытуды қолға алғандар да аз емес. Төле би ауданы Көксәйек ауылының тұрғыны Мөлдір Мелдехан жастайынан ата-әжесінің тәрбиесін алған. Әжесі ұмыт бола бастаған сабын қайнатудың қыр-сырын үйретіпті. Өсе келе «сабынның заманауи түрін неге шығармасқа» деген ойға келіпті. Біраз ізденіп, әртүрлі қалыптағы сәндік сабын шығаруды ұйғарады. Алайда ол үшін алдымен қаржы керек. Істің көзін таба білетін бойжеткен өз жобасын ұсынып, өткен жылы 545 мың теңге қайтарымсыз грант ұтып алған. Қазір кәсібін дөңгелетіп отыр.
Мөлдір Мелдехан, Леңгір қаласының тұрғыны: - Бұған формасы әдемі болғандықтан көбісі осы сәби сабынға қызығады. Алдағы уақытта осыны әрі қарай дамытып, ғимарат ашып, қоластыма тағы да адамдар алып, көп тапсырыс түскенде үлгірмей жатамын. Бір тойда кейде 60 сабынға дейін болады. Тағы да қасыма адамдар алуым керек. Дәл осындай қайтарымсыз грантқа ие болғандардың бірі Мұрат Асанов.
Ат әбзелдерін жасайтын шебер оған былғары, киіз тігетін мәшине және қатты маталар мен ою-өрнектер сатып алған. Қазір ата кәсіпті дамытып, өзінің сүйікті ісінен табыс тауып отыр. Әсіресе көкпар шабатын шабандоздардан тапсырыс көп түсетінін айтады.
Мұрат Асанов, Леңгір қаласының тұрғыны: - Қазір осы ат әбзелдеріне сұраныс көп болып жатыр. Қазақтың ұлттық ойындары көп қой. Сұраныс бар. Бөрік, аттың аяғына қорғаныш, ертоқым, мойнына тағатын, Тартпаға аттың бауырын қимас үшін осындай тігіп жатырмыз. Ұлттық ат әбзелдерін қолдан келгенше дамытып жатырмыз.
Өткен жылы Төле би ауданында «Нәтижелі жұмыспен қамту» бағдарламасы аясында 38 кәсіпкер несие алған. Ал «Бастау бизнес» жобасы шеңберінде оқуға жолданған 202 азаматтың 155-сі өз жобасын сәтті қорғап, қайтарымсыз грантқа ие болған. Олар тігін, жиһаз цехы, сұлулық салоны, шаштараз, асхана, наубайхана және мал шаруашылығы сияқты 39 кәсіп түрі бойынша өз ісін ашып, отбасын асырап отыр.
Тимур Нақыпбеков, Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы директоры: - Бұл жұмыстар биыл да өз жалғасын табатын болады. Әсіресе жақсы қолдау тауып жатқан мынау биылғы жылға дейін қайтарымсыз грант болатын, қазір ұлттық бағдарлама дейді. Осындай гранттардың көлемі ұлғайып жатыр. Млн теңгенің үстінде қазір. Үлкен қызығушылық танытып жатыр аудан кәсіпкерлері. Өз ісін бастап, басқа азаматтарды да қосымша жұмыспен қамту бойынша тиісті жұмыстар атқарылып келеді.
Мамандардың айтуынша, биыл Төле би ауданында 170 азамат 1 млн 200 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантқа ие болады. Ал өткен жылы ауданда 3 мыңнан астам адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылған.