Тексеру, айыппұл, салық: түркістандық балабақша мәселелері комитет отырысында талқыланды
Кездесуге облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасының қаржы бөлімінің басшысы Бауыржан Ахметов, Мемлекеттік кірістер департаменті Өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Мейрамбек Көкенов, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы орынбасары Асқар Ысқақов, облыстық Прокуратурасы басқармасының аға прокуроры Досжан Жолдасбаев және жекеменшік балабақша иелері қатысты.
Отырыста көтерілген алғашқы мәселе нормативтік жан басына қаржыландыруға сәйкес мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының құрылтайшыларымен келісім шарттың 2022 жылға арналған мерзімі болды. Айтуларынша, жыл сайын келісім шарт тек 9 айға ғана жасалып келеді.
Адами әлеуетті дамыту басқармасының қаржы бөлімінің басшысы Бауыржан Ахметов 2022 жылға жеке меншік балабақшаларда жан басына шаққандағы қаржыландыруды төлеу үшін облыс әкімінің қаулысы Әдістемеге сәйкес әзірленіп жатқандығын және толық төленетіндігін айтты. Алайда, облыс бюджетінде әлде де 17 млрд көлемінде қаржы жетіспеушілігі мәселесі туындауда. Мәселенің алдын алу үшін басқарма тарапынан тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқандығын жеткізді.
Сонымен қатар, балабақша құрылтайшылары мемлекеттік орган тарапынан тексерулер жиілеп кеткендігін айтып, айыппұлдар мен мүліктерге салынатын салықтың мөлшеріне наразы.
Ал санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы орынбасары Асқар Ысқақов кәсіпкерлерге бұзушылықтар орын алған жағдайда салынантын айыппұл мөлшерін түсіндірді.
Кездесуде сөз алған Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті өкілдері кәсіпкерлерге мүлік салығы 0,5 пайыз мөлшерлемесі бойынша есептелетіндігін, егер мүлік серіктестік атында болса 0,1 пайыз болатындығын жеткізді.
Әр ауданнан келген және отырысқа онлайн қосылған 70-ке жуық кәсіпкерлер басқарма өкілдеріне сауалдарын қойып, толымды жауаптарын алды.