"Сарыағаш" емдік-оңалту кешені" ЖШС-нің бас директоры
БАТЫРШАЕВ БАҒЛАН ДАНЕБЕКҰЛЫ: «Сарыағаш» деген кезде Қазақстанды танитын деңгейге жетеміз деп сенемін
1.Өзіміздің әдеттегідей қойылатын сұрағымыздан бастасақ! Бизнес саласына қалай келдіңіз?
-Ең біріншіден, 1994 жылдан бастап 1997 жылға дейін банк саласында қызмет еттім. Осы жылдан бизнес саласына өтіп, 3 жылдай әр түрлі фирмаларда орынбасар, басшы лауазымдарында қызмет атқардым. Сонан соң, қайтадан мемлекеттік қызметке бет бұрып, 2009 жылға дейін осы салада жұмыс істеп келдім де, бизнес саласына келуді жөн көрдім. Толығырақ тоқталатын болсам, 2009 жылы 16 маусым күні республикаға әйгілі «Сарыағаш» шипажайының бас директоры болып сайландым. Осы шипажайды басқарып келгеніме биыл 6 жыл болды.
2.Бизнес саласына келгенде қандай қиыншылықтарға тап болдыңыз?
-Әрине, жаңа мекеме болсын, жаңа бизнес бастағанда қиыншылықтар болады. Оларды атап өтетін болсам, ең біріншіден, кадр тапшылығы. Осы саланы жүргізе алатын білімді мамандар қажет болып, осы қиыншылыққа тап болдық. Екіншіден – қаржының тапшылығы. Үшіншіден, инфрақұрылым мәселесі. Кеңес Одағынан бері ескірген жабдықтар мен инфрақұрылымды жаңарту керек болды. Бірақ барлық қиыншылықтарға төтеп беріп,
3.Жұмыс барысында Сіз және Сіздің компанияңыз қандай жетістіктерге жетті?
- Біздің үлкен жетістіктеріміздің бірі – «Сарыағаш» шипажайының одан әрі дамуына және экономикалық жағдайын жақсартуына қатты көңіл бөлінді. 2010 жылы облысымыз бойынша «Ең үздік салық төлеушілердің» қатарына ендік. Сонымен қатар, 2011 жылы шипажайлардың НДС төлеуі бойынша Үкіметтің арнайы шешімі шығып, біздің тарапымыздан берілген өзгерістер ескерілген. Осылайша мекемеміз салықтан босатылды. Ол біз үшін үлкен жетістік болды. Себебі, ақшалай сомасы 100 млн.тенгені құраған.
Жоғарыда айтылған кадр мәселесі шешілді. Жаңадан мамандарды оқытып, үйретіп, сонымен қатар, білікті мамандарды жұмысқа тарттық. Облыстық әкімшілікпен бірлесе отырып, шипажайдың ақша тапшышылық мәселесін шешіп, демалушыларға арнап, қазіргі заманға сай жөндеу жұмыстарын жүргізуге және де бассейннің құрылысына қаржы тартылды. Осылайша, шипажайдың деңгейі көтеріліп, демалушылардың саны күннен күнге артуда.
4.5 жылдан кейін компанияңызды қалай елестетесіз? Келешекте қандай жоспарларыңыз бар?
- Біздің мекемеде стратегиялық 5 жылдық жоспар жасалған. Ол жоспар бойынша басты мақсатымыз – мекемемізді өте жоғары деңгейге жеткізу. Ол үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?! Біріншіден, заманның талабына сай құрылыс жұмыстары атқарылып, жаңа медициналық құрал-жабдықтар алынды. 5 жылдан кейін шипажайымыз елімізді танытатын халықаралық деңгейде болатынына сенімдімін. Ол үшін көптеген жұмыстар атқарылуда.
Мысалы, Чехияны айтатын болсақ, бүкіл дүние жүзіне әйгілі «Карловы Вары» курорты, Германиядағы «Баден-Баден», ал «Сарыағаш» деген кезде Қазақстанды танитын деңгейге жетеміз деп сенемін.
5.Өзіңізді қандай басшы деп санайсыз? Қатал? Жұмсақ? Әлде әділетті ме?
-Жеке өзімді әділетті басшы деп есептеймін. Жағдайға байланысты, қатал болу керек жерде боламын. Бірақ, басты мәселе жалғыз бастықта емес қой.
Кез келген жұмыстың барысы ұжымға байланысты. Сенің алға қойған мақсаттарың мен жоспарларыңды қолдайдын адамдар болса, неге әділетті немесе жұмсақ болмасқа?!
6.Өзіңіздің қол астыңызда қанша қызметкер жұмыс істейді және оларды қандай талаптар бойынша жұмысқа қабылдайсыз?
-Бүгінгі таңда, шипажайымыз күніне 800, жылына 20000 демалушыларды қабылдай алады. Қол астымда 400 адам жұмыс істейді. Қызметкерлерімізге қойылатын басты талап - білім мен тәжірибе. Жұмыс барысында осы 2 қасиетті дұрыс пайдалана білуі қажет. Әрине, біріншіден сынақ тәжірибесінен өткізіп аламыз. Жыл сайын әр түрлі саладағы қызметкерлерімізді тәжірибе алмасуға, біліктілігін арттыруға басқа қалаларға жіберіп отырамыз.
7.Облысымызда орта және кіші бизнесті дамыту үшін және санын көбейту үшін не істеу керек?
-Жалпы, қазіргі таңда орта және кіші бизнес өкілдеріне жасалынып жатқан жағдайлар Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың арқасында. Алғысымыз шексіз! Сонымен қатар, облыс әкімі Асқар Исабекұлының тарапынан кәсіпкерлер үшін көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Еңбек етуге ынтасы бар азаматтардың барлығы бизнес саласына өтіп жатыр. Ал осы саланы дамыту үшін ең біріншіден өткір мәселе –қаржының тапшылығы. Кез келген адамның идеясын жүзеге асыру үшін, ақша қажет. Ол үшін аз пайызды несие бойынша көмек көп берілуі керек деп ойлаймын. Сонымен қатар, екінші мәселе – бастайтын бизнес түрі көп зерттелмеген. Көбісі бизнесін ашып, ертесіне сатып жатқан жағдайлар өте көп. Оның себебі, кезінде бастар алдын маркетингтік зерттеулер мен мониторинг жасалмаған. Алқазіргі таңда ол зертеулерді жүргізуүшін«бір терезе қағидасы» бойынша бастаушы кәсіпкерлер үшін сервистік қолдау көрсетіледі.
8.2015 жылдан кейін күшіне енетін Еуразиялық экономикалық одақ Қазақстанға не береді деп ойлайсыз?
- Қазақстан үшін жағымды жаңалық деп есептеймін. Себебі, отандық тауар үшін нарық кеңейіп, ешбір қиыншылықсыз сата аламыз. Екіншіден, бәсекелестік күшейе түседі. Тиісінше, тауардың сапасы арта түседі. Шығарылған тауар сапасына сай болса, өзінің сатып алушысын табады. Сондықтан, бұл стратегиялық дұрыс шешім.
9.Сіздің салаңызға әсері болады ма?
-Әсері болады деп есептейміз. Мысалы, жақында ғана Ресей Федерациясына арнайы барып қайттық. Ол жерде әр түрлі салада жұмыс істеп жүрген азаматтар үшін «Сарыағаш» шипажайында емделуіне келісім-шарттарға отырдық. Келешекте шекараларымыз ашылып, жаңа қатынау жолдары құрылған жағдайда, шетелдік азаматтар біздің шипажайда демалуға дайын екеніне көзім жетіп отыр.
10.Жалпы елімізде Кәсіпкерлер палатасы 1 жыл бұрын құрылған болатын. Осы ұйым туралы не айта аласыз?
Мен ойлаймын, Елбасымыздың басты саясаты – экономика. Экономиканың ішіндегі шағын және орта бизнесті дамыту үшін, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы уақытылы әрі дұрыс құрылды деп есептеймін. 1 жылда атқарылған жұмыстары жетерлік. Өңірлік кеңестің төрағасы - Қайнар Бегалыұлы, ОҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры - Жеңісбек Камалидинұлы өздерінің күш-жігерін салып, жұмыс істеп жатқандары үшін үлкен рахмет.
11.Сіздің компанияңыз "Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі" деген ұғымымен таныс па? Қайырымдылық шараларына қатысасыздар ма?
Әрине, қандай мекеме болмасын әлеуметтік мәселелер көп болады. Жоғарыда айтып өткендей, 400 қызметкеріміз бар. Олардың әрқайсының әлеуметтік мәселесіне қолдау көрсетіп отырамыз. Сонымен қатар, Сарыағаш ауданында орын алған табиғат апатынан азап шеккен азаматтар үшін қол ұшымызды беріп отырамыз. Сондай-ақ, мүгедектер, көпбалалы отбасылар, талантты жастарға ақшалай болсын, заттай болсын көмек беруге тырысамыз. Өзіміздің мекемеміздегі зейнеткерлерге арнайы шипажайымызға жолдамалар беріледі. Жақында мекемемізге қарасты балабақшаны өкіметке өткізіп, Сарыағаш ауданына тегін сыйақы ретінде қайтарып бердік.
12.Өзіңіздің дамуыңызға қалай уақыт бөлесіз?
2002 жылы Халықаралық бизнес академиясының MBA оқуын тәмамдадым. Бизнес-тренингтерге қатысамын. Мекемедегі қызметкерлеріміз үшін де алыс-жақын шетелден тренерлерді шақырып, тренингтер ұйымдастырамыз.
13.Сіздің әуесқойлығыңыз немесе қызығушылығыңыз барма? Бос уақытыңызда не істейсіз?
Бос уақытымды отбасыммен өткізгенді қалаймын. Сонымен бірге, фитнес залдарына барып, аңшылыққа да барып тұрамын.
14.Өзіңіздің отбасыңыз жайлы айтып өтсеңіз?
2ұл, 2 қыздың әкесімін. Жұбайым уақытша жұмыс істемейді, үйде. Үлкен ұлым мектепке, кішілерім балабақшаға барады.
15.Өзіміздің сұхбатымызды аяқтай келе, соңғы сұрағым бар. Сіздің жетістігіңіздің құпиясы неде деп ойлайсыз?
Біріншіден, әр адамның алға қойған мақсаттары болуы қажет. Екіншіден, сол мақсатыңа жету үшін, ерінбей еңбек ету керек. Бұрын бизнестегі әр қадамды ішіміздегі сенімділікке сеніп жұмыс істеп келдік. Ал қазіргі заманның талабына сай, әлбетте білімді қолдану керек. Бастаушы кәсіпкерлерге айтарым, таңдаған саласын сүйіп, толығымен анализ жасап, зерттеп болғаннан соң ғана жұмысқа кірісуі керек.