"Агро-V" компаниясының директоры
АБИШОВ НҰРАЛЫ АЛМАХАНҰЛЫ
- Бизнес саласына қалай келдіңіз ?
Бизнеске келу үшін бірінші коммерциямен айналыстық. Коммерция деген нарсе - өздеріңіз білетіндей алып-сату. Уақытысында 90 жылдары Кеңес одағы ыдырап, Елбасымыз айтқандай, Еліміздің экономикасы саясаттан бірінші орынға шыққан заманында коммерциямен айналыстық. Бұрын үлкен құпия еді, қазір жасыратын ештеңесі жоқ, Өзбекстаннан жем сатып алып, еліміздің құс фабрикаларына жем сатудан кішігірім бизнесімізді бастадық. Ал қазіргі таңда Қазақстаннан сатып алып, Өзбекстанға сатып жатырмыз. Бастамасы осылай болып, кейіннен құрылыспен айналыса бастадық.
Барлығына мәлім, халықаралық экономиканың локомотиві – құрылыс болып табылады.
Осылайша, 2003 жылы «Комбистрой» ЖШС-ін ашып, құрылыс саласында өз үлесімді қоса бастадым. Сонан соң 2007 жылы Елбасы Республикамыздың барлық кәсіпкерлеріне Астана қаласында үлкен жиналыс ұйымдастырып, айтқан сөзі бар: «Экономикамыздың жақсаруына байланысты отандық өнім өндіруге үлкен қаражат бөлінетін болады. Коммерциядан тапқан қаражаттарыңды өндіріске жұмсаңдар. Енді барлық кәсіпкерлер коммерциядан өндіріске өтуі қажет».Өзімнің мамандығым құрылысшы болғандықтан, Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасы бойынша газ және суды тартуға арналған құбырларды өндіруді жөн көрдім.
Сол жылдары арнайы құбырларды тек Ресей мен Қытайдан алып келетін. «Неліктен Қазақстанда бұл құбырларды шығара алмаймыз?» - деген сұрақ туындады да, аталған құбырларды шығаратын зауыттың құрылысымен айналыса бастадым.
Бұл зауыттың іргетасы сәтті басталып, жұмысы алға басып кетті. Сонан соң, құрылысқа құбырдан басқа не керек ?! Кез келген ғимарат тұрғызу үшін кірпіш қажет! Енді кірпіш шығаратын зауыт ашуды жоспарладым, арманым орындалып, кірпіш шығаратын зауытты іске қостым.Нәтижесінде екі зауыттың да жұмысы жоғары көрсеткіштерді көрсете бастағанда, цемент шығаратын зауыт ашатын ойым болған, алайда сол уақытта «Стандарт Цемент» ЖШС-і ашылып қойды. Бизнес саласына комерциядан өндіріске түсіп, осындай жолмен келген жігіттерміз! Ал қазіргі таңда сүт өндіретін зауытқа бизнес-жоспарымыз дайындалып, іргетасын қалау жоспарда бар. Сонымен қатар, Астана қаласында құрылыс саласы қарқынды дамып келеді. Соның есебінен құрылыстың негізі – кірпішті Астанаға жан-жақтан тасымалдайды. «Экспо-2017» көрмесіне дейін Астана қаласында кірпіш зауытын ашу біздің жоспарымызда бар. Барлық керекті құжаттарымыз дайын, өтініш жасалды.
- Өз бизнесіңізді бастар алдында қиыншылықтар болды ма? Болса қандай? Толығырақ тоқталып өтсеңіз!
Бизнесімді бастаған кезімде,сөздің шыны керек, ешқандай қиыншылықтар болмаған заманға тап болдым. Неге десеңіз?! Елбасы экономиканы дамытудың өте дұрыс шешімін тапты. Өндіріспен айналысатын барлық кәсіпкерлердің жағдайын жасады. Ең біріншіден, бизнес бастау үшін кез келген адам қаржы мәселесінен қиналады. Бірақ, қаржы институттары кәсіпкерлерге үлкен сомада несие бере бастады. Алайда, біз қаржы көзін құрылыстан тапқан пайдадан алған болатынбыз. Тағы бір Елбасының сөзін атап өтсем, барлық қаражатты жылжымайтын мүлікке емес, өндіріске жұмсауды сұрады. Екіншіден, кәсіпкерлік ашуға құжат алу мәселесі үлкен қиындық туғызады. Бұл көпшіліктің мәселесі.Дәл өзіме тоқталатын болсам, жұмыс ауқымының көптігінен ұйқымның қанбағанынан қатты қиналдым.
- Жұмыс барысында қандай жетістіктерге жеттіңіз?
Өзімнің қарқынды еңбегімнің арқасында көптеген жетістіктеріммен мақтана аламын. Еңбек, еңбек және тек қана еңбекке байланысты көптеген марапаттау қағаздарының иегерімін. Барлық жетістіктерімді облыс әкімі Асқар Исабекұлы қолдап отырғаны үшін алғысым зор.2004 жылы облысымыздың «Ең үздік кәсіпкері» атандым. Сонан соң, Елбасына үлкен рахмет!Менің жетістіктерімді бағалап, 2011 жылы 7 желтоқсан күні Елбасының сол уақыттағы мемлекеттік хатшысы Канат Саудабаев арнайы Қазақстан Республикасының құрмет орденімен марапаттады. Аталған екеуі ең негізгілері. Айта берсем диплом, мақтау қағаздары өте көп.
- 5 жылдан кейін компанияңызды қалай елесететесіз? Сонымен қатар жоспарларыңыз бар ма?
Болашаққа үлкен сеніммен қарап, көздеген жоспарларым өте көп. Жас кезімде 15-20 зауыт мен үшін үлкен арман болды. Кезінде мемлекеттік қызметке және аудан әкімі лауазымына ұсыныс түскен, бірақ мен бас тарттым, өйткені аудан әкімі ретіндекөптеген жылдар бойы мемлекеттік қызметте жүріп, аудан әкімі болғысы келіп болалмай жүрген адамдар өте көп. Оның үстіне мен Қазақстан бойынша салық төлеуден 3 орында екенмін, сол себептен 21 қыркүйекте Астана қаласында өткізілетін Экономикалық форумға шақырып жатыр.Ал мен енді осындай үлкен дәрежеге жетіп, аудандық әкімдікке кетсем, менің орныма келген адам салық төлей алады ма? Ол бір, ал екіншіден осынша зауыт ашып және көптеген зауыттар салу арманым орындала алмау қауіпі болғандықтан мен аудан әкімі лауазымынан бас тарттым.
Қазіргі кезде Қазақстанға дамытуға қатысты кәсіпкерлік түрі өте коп. Стасистика бойынша "Қоюлатылған сүт"өнімі мен "тоңазытылған ет" өнімі 100%-ы импорт екен, алдағы жоспарым осы 100%-дың 5-10 %-н қамтып, зауыттар ашсам деймін. Бұл жоспарды жүзеге асыру үшін Үкімет жағынан барлық мүмкіндіктер жасалған. Қазіргі кезде Кәсіпкерлер палатасы ашылып, барлық кәсіпкерлерге көмек көрсету үшін жағдай жасалған, неге осындай мүмкіндікті қолданбасқа?! Компаниямды осындай биіктерден көргім келеді. Тек қана менің компаниям емес, басқа компаниялар көбейіп, көптеген адамдардың жұмысқа тұру мәселесі шешіліп, сонымен қатар, ол жұмысшылардан қаншама салық аударсақ, қаншама мұғалімдердің, дәрігерлердің, орган қызметкерлерінің жалақылары көтерілер еді. Кәсіпкер деңгейі көтерілсе, әрине мемлекет деңгейі де көтеріледі. Кәсіпкерлер палатасының ашылу себебі осы.
- Өзіңізді қандай басшы деп санайсыз?Қатал ма?Жұмсақ па? Әлде әділетті ме?
Кез келген адам бизнесі алға жүрсін десе әділетті, шыншыл болуы керек, өйткені қасындағы адам егер сен әділ болмасан, олар сенің жолыңмен жүрмейді. "Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас"-дегендей өзің қаншалықты мықты болғанымен, озіне сендіре алмасаң, жүрегін таза болмаса халық оның барлығын сезеді.
Сондықтан олардың саған деген сенімі болмай, сенің қасыңнан кетіп қалады. Халықты алдай алмайсың. Қазір менің қасымда қаншама адамдар қызмет атқарады. Оның ішінде менімен 10-15 жыл қызмет атқарып келе жатқан адамдарда бар. Мен олардың алдында біріншіден әділ боламын, ал екінші қасиет қаталдық, өйткені қатал болмасаң да болмайды, кейбір адамдар қаталдықты жаксы көреді, біреулері жай сөйлегенді жақсы көреді. Сондықтан басшының бойында әділдік, қаталдық және жұмсақтық болу керек деп ойлаймын. Өзім әділдік әрі қаталдық қасиеттерді сіңірген басшымын.
- Өзіңіздің қол астыңызда қанша қызметкер бар және оларды қандай талаптар бойынша жұмысқа қабылдайсыз?
Жалпы, менде 200-250 адам жұмыс істейді, ал уақытша қызмет атқаратындарды есептесен 1000 адамға жетеді, олда мерзімге байланысты. Уақытша деген себебім, мысалы, құрылыс жағынан алғанда құрылыс біткеннен кейін біз оларды жұмыстан шығарамыз, көктемде қайтадан уақытша жұмысқа аламыз. Ал үнемі 250-300 адамға жуық жалақы төлеймін.
Қызметкерлерді қалай жұмысқа қабылдайтынымды туралы айтсам, алғашқы жұмыс бастағанымда қызметкерлерді жұмыс өтіліне қарай, тәжірибесінің жоғарылығына қарай алатынмын, ал қазіржұмысқа көбінесе жастарды аламын. Енді жастарды өзім тәрбиелеп жүрмін. Мысалы, жақында жаңа зауытым ашылғанда 10-ға жуық жастарды Қытайға оқуға жібердім. Өйткені қазіргі заман осындай болды. Мен өзіммен жасты және өзіммен қатар адамдарды алып болдым, ендігі кезек негізгі іріктеу жастарды болып тұр. Оның ішінде жақсы оқыған, жұмысқа деген ынтасы бар, ал қалған тәжіриберні өзіміз үйретеміз алып жатырмыз.
- ОҚО-да орта және кіші бизнесті дамыту үшін және санын көбейту үшін не істеу керек?
Бұл сұрақ бойынша қазір көптеген жұмыстар жүргізілуде, мемлекет тарапынан да Үкімет тарапынан да, Кәсіпкерлер палатасы да жақсы жұмыстар атқарылуда. Менің бірақ қосарым бар, Оңтүстік Қазақстан облысында 3,5 млн халықты ақпараттандыру керек. Халықтың көпшілігі бизнесті дамытуға бағытталған бағдарламалар жайлы коп ақпаратты біле қоймайды. Сол себепті халыққа көп ақпарат жеткізіп отыру керек және осы бағытпен кете берсек,Үкімет тарапынан қалған жағдайдын барлығы жасалған, ешнарсені өзгертудің қажеті жоқ. Барлығы ойластырылған, теориялық тұрғыдан, команда жинақы,қаражат жағынанда барлығыойластырылған. Енді тек бизнесті дамыту туралы керекті ақпараттарды халыққа дұрыс жеткізу керек. Егер менің білгенімді, сіздің білгеніңізді ауыл адамдары білетін болса, сонда ғана бизнестің дәрежесі көтеріледі. Кәсіпкерлер палатасы ауылдарға тек хат жолдап қана отырмай, аудандарға көп шығуы керек, барлығын аралап ақпараттандыру керек. Көп ақпараттандырып отырсақ сол кезде көтерілеміз.
- 2015 жылдан кейін күшіне енетін Еуразиялық экономикалық одақ Қазақстанға не береді деп ойлайсыз?
Нақты айту қиын, өйткені бұл бойынша көптеген тұжырымдар айтылуда. Менің ойымша, егер кіші және орта бизнесті кәсіпкерлеріміз бәсекеге қабілетті жағдайға дейін дамытса, сонда ғана бұл одаққа мүше болу өз тиімділігін алып келеді. Ал қазіргі деңгеймен жеміс бере қоймайды. Неліктен Елбасымыз Кәсіпкерлер палатасын құрып, қажетті ақшаны бөліп т.с.с. бизнестің дамуына барлық жағдайды жасап жатыр?! Өйткені қазіргі таңда біз бизнес саласын дамытпасақ, ұтылатынымыздыол кісі біліп тұр. Бізден қаражат шығады да, олардыңтауары бізге сатылады. Ал Елімізде бизнестің деңгейін көтеріліп, отандық өнімді дамытсақ, бір сөзбен бәсекеге қабілетті елге айналсақ, мүше елдерге бізде өз тауарымызды сата алатын боламыз. Нақты айтқанда, бәсекеге қабілетті ел боламыз.
- Кәсіпкерлер палатасы туралы не айта аласыз?
Жалпы, менің ойымша Кәсіпкерлер палатасы орынды ашылған ұйым, барлық жинаған кадрлары өте жақсы, жоғары айтқанымдай теориялық тұрғыда барлығы өте жақсы. Дамыған елдердің барлығында бұл жүйе жақсы жетілген. Енді осы жүйені ауылдарға еңгізу керек, тез арада осы облыстық Палатда отырған жігіттер ауылдарға шығып, ауыл халқымен көбірек кездесу ұйымдастрырып, кәсіпкерлерге арналған қазіргі мүмкіншіліктерді түсіндіру керек, сол кезде өз нәтижесін халыққа алдында көрсете алады. Жалпы, өте жақсы, өйткені бұл жүйені Үкімет ойдан құрастырған жоқ, Кәсіпкерлер палатасы менің білуімше Еуропа елдерінде жоғары дәрежеде дамыған және бұрыннан жұмыс істеп келеді. Бұл жерден жаңалық ойлап табудың қажеті жоқ сияқты, тек жұмыс істеу керек. Кәсіпкерлер палатасы туралы қазіргі таңда ешқандай сын әлде мақтау сөз айта алмаймын.Себебі, жаңадан ашылған ұйым. Сын айтуға әлі ерте. Бұл 3,5 млн халқы бар Оңтүстік Қазақстан облысы және олардың барлығын ақпараттандыру үшін уақыт керек. Кіші және орта бизнес дамыған кезде ғана нәтиже берді деуге болады.
Егер 3 жыл есебінде нарықта отандық тауар шет елден келетін тауар санынан асып кетіп, статистикада пайыз саны өсетін болса, сонда Кәсіпкерлер палатасы жақсы жұмыс атқарды деп айтуға болады.
Сол кезде ғана Кәсіпкерлер палатасы туралы баға бере аламыз. Ал жалпы қазіргі күнге дейін біраз жұмыстар атқарды десем болады, барлық кадрлары да жақсы, керек десең бізге қонырау шалып тыныштық бермейді, ол өте жақсы деп ойлаймын. Бүгін немесе ертен болсын Кәсіпкерлер палатасы ашылу керек еді және дәл уақытында ашылды.
- Сіздің компанияңыз "Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі"деген ұғымымен таныс па?
Біздің компания қайырымдылық іс-шараларға белсенді қатысады, олардың барлығын айтып жатпай өзіңізге тізімін берейін. Қысқаша, соның ішінен ауқымдыларына тоқталатын болсам, оның ішінде Шәмші алеясының құрылысына 20 млн.теңге, соғыста қайтыс болған ата-бабаларымызға арналған гранит тасқа 30 млн.тенге бердік. Әрқашан белсенді қатысып отырамын. Ал компания ішінде қызметкерлерге де көп көмек көрсетіледі. Мысалы, жыл сайын қызметкерлердің еңбегін бағалап, 1-2 адамға пәтер, 2-3 адамға көлік береміз, сонымен қатар шет елдерді көру мүмкігдігі болсын деп, 2-3 адамнан шет елдерге жібереміз. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында, орнатылған жалақы ең жоғарғы компаниялардың қатарында. Осыған орай, біздің компанияда жұмыс істеуге ниеті бар адамдар өте көп.
- Өзіңіздің дамуыңызға уақыт бөлесізбе, мысалы бизнес-семинарға, арнайы тренингтерге қатыстыңызба немесе ХБА бағдарламасын өттіңіз бе, алде жоспарлаудасызба?
Жоқ, мен еш жерде қатыспағанмын.
Қатысқыңыз келедіме бизнес саласындағы қосымша оқуларда?
Өте орынды сұрақ, бірақ менің шын айтсам уақытым жоқ.
- Негізі қазір біздің бизнесмендердің беталысы шетелге шығып адамдармен сөйлесуді, тәжірибе алмасуды көбірек қалайды. Осы жайында ойыңызбен бөліссеңіз..
Өтірік алдамай-ақ қояйын, менде ондай ой болмаған және оны ойлауға да уақытым жоқ. Өйткені компаниям, депутаттық жұмысым бар және де Кәсіпкерлер палатасының Аймақтық кеңесінің мүшесі болып келемін.Депутаттық сессиядан шықсаң, Аймақтық кеңес жиналысқа шақырады бұл екеуінде шетке қойсаң, мына жерде зауыттың жұмысы бар. Оқуға уақыт десеңіз, тіпті демалуға да уақытым жоқ.
- Сіздің әуесқойлығыңыз немесе қызығушылығыңыз барма?
Әрине, қызығушылығым - футбол ойыны. Апта сайын компания қызметкерлерімен немесе туысқандарыммен ойнап отыруға тырысамын. Футболға қызыққаным соншалықты, біз өзімізге арнайы екі стадион алаңын соғып алдық, әрдайым сол жерде ойнаймыз. Сонымен қатар бізде мал өсіруге қатты қызығамын. Мысалы, 7 жыл бұрын 200 қой болса, қазіргі таңда 7000 қой бар.Сол жерден кеңсе тұрғыздық та, мал өсіруге барлық жағдай жасалған, нақты айтқанда, мал шаруашылығымен айналысамын. Бұл саланы әуесқойлығыма жатқызамын. Сол жерде жылқыларымыз бар. Өте керемет. Осының барлығын қалай үлегереді деген сұрақ туындайтын шығар сіздерде?! Қазіргі заманауи технологияның дамығаны соншалықты, бір жерде отырып барлық нысандарымды ұялы телефоным арқылы бақылап отыруға мүмкіншілік бар. Тіпті шет елде болсам да, атап айтсам, труба шығаратын зауытым, жылыжай, футбол алаңдары әрқашан менің бақылауымда жүреді.
- Өзіңіздің отбасыңыз жайлы айтып өтсеңіз?
Шүкір, екі ұлым және екі қызым бар. Бір балам жақында ғана отау көтеріп, үйленді.Ал екінші ұлым қазіргі таңда Дубайдағы Аустралиялық университетте бизнес саласында білім алуда. Үлкен ұлым әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универститетін қызыл дипломмен бітіріп, халықаралық құқық маманы болып шықты. Сонан соң Дубайда магистратураны бітіріп, жақында ғана дипломын алып келді. Енді Астанаға жол тартуда. Еліміздің бас қаласында жұмыс істемек. Ал екі қызымның біреуі 6 сыныпта оқиды, ал екінші қызым енді 1 сыныпқа барады. Жұбайым-Гүлнар, мамандығы - мұғалім. Қазір мамандығымен жұмыс істеуге тым уақыты жоқ, үйде екі қызына қарайды, маған қарайды(күліп қояды).
Болашақта балаларымм өскен соң, бұл кәсіп отбасылық бизнеске айналады. Сондықтан екінші ұлымды арнайыөзім сияқты бизнесмен болсын деп Дубайда оқытып, бизнеске үйретпек ойым бар. Оқуын бітірген соң магистратураны Швейцарияға немесе Аустралияға жіберемін. Оқыпкелген соң, осында жұмыс істейді. Цех басшысынан бастап, келешекте өзімнің орнымды басады.
- Өзіміздің сұхбатымызды аяқтай келе, соңғы сұрағым бар. Сіздің жетістігіңіздің құпиясы неде деп ойлайсыз?
Сізге айтатын болсам, жетістікке жетудің ешқандай құпиясы жоқ, тек қана аянбай еңбек ету керек. Бет алмай еңбек етіп, жұмыс істеу керек.Қазіргі жастар көбісі жалқау. Жастардың талпынысы болса болды, оларға қажетті барлық жағдай жасалған. Құпияның негізі - тек барлығын қамтып, уақытылы үлгеріп жүру керек. Жеңіске жетудің бірақ жолы бар. Ол-еңбек. Өзіңнен басқа ешкімге сенуге болмайды. Тек жұмыстарыңды заңды түрде ғана жасау керек.Егер кәсіпкерді тыңдамай жатса, міне Кәсіпкерлер палатасы да ашылды. Біздің кезде бұндай мүмкіншіліктер болмаған.Біздің бар құпия сонда, біз тек ерінбей еңбек еткенбіз.Егер салыстыратын болсақ, қазір 50 пайызға дейін жеңіл десек болады, жастар үшін барлық жағдай жасалған. Менің бар құпиям- ол үлкен еңбек деп айтар едім.