ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы монополисттер талаптарына қарсылық танытуда
Қазақстанның Ұлттық кәсіпкерлер палатасы энегиямен жабдықтаушы ұйымдардың электр энергиясы үшін міндетті алдын ала 100% төлем жасауға қатысты талаптарына қарсылық танытуда.
Бұл жайында ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңестің төрағасы Ғани Қасымов Кеңестің үшінші отырысында мәлімдеді.
Ғани Қасымовтың айтуынша, нарықта өзінің монополистік жағдайын тек өз мүддесіне пайдаланып отырған энергиямен жабдықтаушы ұйымдарға қатысты Бәсекелестікті қорғау агенттігі қазірге дейін қажетті шаралар қолданбай отырғанын атап өтті. ҚР ҰКП хатына 2013 жылдың желтоқсанында ОҚО монополияға қарсы инспекциясынан монополияға қарсы заңнаманы бұзу фактілері анықталмағаны туралы жауап келген.
Осыған байланысты Ұлттық палата энергиямен жабдықтаушы ұйымдар тарапынан 2013 жылдың 18 наурызында қабылданған «Электрмен жабдықтау типтік шартын бекіту туралы» Үкімет қаулысын орындамай отырғандықтары туралы және монополияға қарсы органдардың әрекетсіздігі жайында ҚР Премьер-министріне хат жолдауды жоспарлауда.
«Электр энергиясы үшін міндетті алдын ала 100% төлем жасау туралы энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың талаптары республика заңнамасын бұзып қана қоймай, кәсіпкерлерге айтарлықтай шығын келтіруде, атап айтқанда өз нысандарының, әсіресе өнеркәсіп пен өндірістің энергиямен үздіксіз жабдықталуын қамтамасыз ету үшін айналымнан қомақты көлемде ақшалай қаражаттарды алуға мәжбүр болуда», - деп түсіндірді ҚР ҰКП жанындағы Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңес төрағасы Ғани Қасымов. Кеңес төрағасының айтуынша, аталған мәселе бойынша жұмыс жалғасуда, бұл жұмыстың нәтижелері қосымша хабарланады.
Кеңесте «Қазақстан Қағазы» ЖШС, «Интер РАО Орталық Азия» ЖШС қатысты кәсіпкерлердің өтініштері, сондай-ақ «Минералдық бұйымдар өндірісі зауытының құрылысы» инновациялық жобасын жүзеге асыруда туындаған күрделі мәселелер талқыланды.
«Интер РАО Орталық Азия» ЖШС және «POLITERM» ЖШС өтініш хаттары Кеңес бақылауына алынды. Олар бойынша жүргізіліп отырған жұмыстар жайлы Кеңестің осы жылдың ақпанында өтетін отырысында хабарланады.
ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңес отырысы айына бір рет өткізіліп отырады.
palata.kz