Шымкентте әйелдер кәсіпкерлігін дамыту Орталығы жұмысын бастады



Кәсіпкерлер палатасында Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту Орталығы салтанатты түрде ашылды. Жаңадан бастаған және жұмыс істеп жатқан кәсіпкер әйелдер мұнда қаржылай емес қызметтердің толық спектрін, сонымен қатар бизнес жобаларын жүзеге асыруда практикалық көмек ала алады. Оларға оқу сабақтары мен шеберлік сабақтары өткізіліп, жеңілдетілген несиелеу бағдарламаларына, кооперативтік қозғалысқа тартылады, бір сөзбен айтқанда, кәсіп ашудың және өсу үдерісінің барлық кезеңдерінде көмек көрсетіледі.
«Кез келген әйел үшін ең бірінші кезекте отбасы мен оның амандығы болатыны жасырын емес. Көбінесе, осы мотивтерден нәзік жандылар отбасылық бюджетке ақша табуға және үлес қосуға ұмтылады. Бірақ көбіне өз ісін ашуға уақыт қана емес, сонымен қатар негізгі білім, ынталандыру, мотивация және қалыптасу кезеңдерінде қолдау жетіспейді. Сондықтан мұндай орталық – жай қол ұшын беріп қана қоймай, іс жүзінде көмектесетін орын», - деп атап өтті Іскер әйелдер кеңесінің Төрайымы Алма Архабаева.
Оның айтуынша, Шымкент - әйелдер кәсіпкерлікпен белсенді айналысатын өңір. Бүгінде олар қаладағы барлық қолданыстағы бизнестің 48 пайызын құрайды. Бұл шектеу емес, деп санайды Алма Архабаева. Ол әйелдер кәсіпкерлігін дамыту Орталығы кәсіпкер әйелдерді қаржылай емес қолдау алаңына айналатынына, онда стартаптарды іске қосу, жұмыс істеп тұрған бизнесті кеңейту және дамыту үшін қызметтер ала алатынына, сондай-ақ оқыту бағдарламалары мен нетворкинг-іс-шараларға қатыса алатынына сенімді.
«Біз қолдау шараларының түрлерінің қажеттілігін зерделейміз, сондай-ақ әйелдер бизнесінің дамуына кедергі келтіретін проблемаларды айқындаймыз. Әйелдер бизнесін дамытуға қызығушылық танытқан барлық тұлғаларды Шымкент қаласы, Ерімбетов көшесі, 304г, «Заңғар» БО, 1 қабат мекенжайы бойынша Орталықтан кеңес алуға шақырамыз», - деп атап өтті Орталықтың кеңесшісі Майра Балсугурова.
Еске саламыз, бүгінде бір уақытта Қазақстанның 14 өңірінде Ұлттық экономика министрлігінің «Ынтымақтастық қоры», ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия және «Атамекен» ҰКП серіктестігі аясында әйелдер кәсіпкерлігін дамыту Орталығы ашылды. Әйелдер кәсіпкерлігін дамытудың алғашқы үш орталығы өткен жылдың соңында Түркістан, Алматы және Маңғыстау облыстарында ашылды. Бастама Азия Даму Банкінің қаражаты есебінен қаржыландырылады және оны Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы жүзеге асырады.