Конго-Қырым геморрагиялық қызбасынан сақтаныңыз



Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы – аса қауіпті жұқпалы ауру. Оның таратушысы – кене.

Ауру кене шағу арқылы, кенені жалаң қолмен алып тастап, езгенде, қой-ешкіні жалаң қолмен қырыққанда, қанында ауру қоздырғыштары бар малдарды жалаң қолмен сойғанда, малдарға күтім жасағанда арнайы жұмыс киімдерін кимегенде, ауырған адамдардың мұрнынан, басқа ағзаларынан қан кету кезінде, адам құсқанда туыстары көмек көрсетіп, ауру адамға күтім жасағанда ауру жұғуы мүмкін.

Аурудың жасырын өту мерзімі 1-14 күнді құрайды. Адамда аурудың алғашқы клиникалық белгілері 2-7 күннен кейін біліне бастайды – адамның дене қызуы 38-40 градусқа дейін көтеріледі, қалтырайды, басы қатты ауырып, белі, буындары, тұла бойы сырқырайды, әлсіздік пайда болады, жүрегі айнып, құсып, іші өтуі мүмкін, қан тамырлары көгеріп, денесі көкала түске өзгереді.

Осы клиникалық белгілер байқалғанда дереу дәрігерге көрініп, емдеуді мүмкіндігінше ерте бастау қажет.

Аурудан сақтану үшін далалық жерлерде мал жайғанда, шөп шапқанда, серуендеуге шыққанда шалбардың балағын шұлыққа салып, жоғары жақтың бәрін қымтап, кененің кіріп кетпеуін қадағалау керек, әр 2-3 сағат сайын киімдерін, дененің ашық жерлерін қарау қажет. Себебі кене шағар алдында адамның денесіне терінің сезімталдығын әлсірететін сұйықтық себеді, сондықтан адам кененің жабысқанын байқамай қалады. Далалы жерден келген соң сырт киімді шешіп, кенеден тазарту керек.

Мал қораларды қидан тазартып, кенелерге қарсы залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу керек. Малға кене және т.б. зиянды жәндіктерге қарсы арнайы вакциналарды ектірген жөн. Мал қырыққанда, сойғанда арнайы жұмыс киімін, резеңке қолғап киіп, сақтық шараларын сақтанған жөн.

Меруерт Қарымсақова, Шымкент қалалық №4 емхананың инфекционист-дәрігері