АНТЫНА АДАЛ ЖАН
Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасына қарасты №4 емхананың ұжымы Қарымсақова Меруерт Ойдуллақызымен мақтана алады.
Меруерт Ойдуллақызы алғашқы еңбек жолын 1989 жылы Түркістан облысы, Сайрам ауданы, Ақбұлақ ауылындағы дәрігерлік амбулаторияда аймақтық дәрігер-терапевт болып бастаған. 1997 жылдан бері қалалық №4 емханада инфекционист-дәрігер қызметін атқарады.
Тәжірибелі маман әріптестері арасында абыройлы, беделі биік, ал тұрғындардың алғысын арқалап жүрген ақ халатты абзал жан деп нық сеніммен айта аламыз. «COVID-19» дүниежүзілік пандемиясы кезіндегі еңбегі зор құрметке ие болды. Пандемия кезінде талай жанға араша түсіп, өмірлерін сақтап қалу үшін аянбай еңбек еткен антына адал жан. Мыңдаған науқасты емдеп, дертінің шипасына себеп болған дәрігер бүгінде өзінің мол тәжірибесін әріптестерімен бөлісуден жалыққан емес.
Талай жылғы еңбегі ескерілген Меруерт Ойдуллақызы көптеген марапатқа ие болған. Оның арасында Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төс белгісімен және Құрмет грамотасымен марапатталды.
Сонымен қоса, емхана бас дәрігерінің Құрмет грамоталары мен «Qurmet-AB» қоғамдық бірлестігінің «Ерең еңбегі үшін» медалі, «Senim» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағының Алғыс хатымен және «Haluq Qurmetі» сыйлығымен де марапатталған.
Біз 35 жылдық тәжірибесі бар әріптесіміз Меруерт Ойдуллақызын үлгі тұтамыз!